Түрік тілін үйренсең, саған 22 түркі есігі ашылады!
Бәріңіз білесіздер, мен түрік тілі оқытушысымын. Көпшілігіңіз: “Ойбай, түрік тілін үйрену қиын шығар, грамматикасы бөлек қой!” деп қорқып жүрсіздер. Ал шындығында, түрік тілі бізге туған бауыр сияқты. Қазақ тілі мен түрік тілі – туысқан, бір-бірін алыстан танып, көргенде “о, кардеш, сен де осындасың ба?” деп түсінісіп кететін ағайын.
Бір ғана мысал айтайын: қазақша “кітап”, түрікше де “kitap”; қазақша “мектеп”, түрікше “mektep”; қазақша “адам”, түрікше де “adam”.
Ал енді, досым, мына кереметті қараңыз!
Түрік тілін үйренгендер тек бір елдің тілін үйреніп қана қоймайды, түрік тілі арқылы батыс түркі тілдерінің қақпасы сізге ашылады. Түркі халықтары – 22-ге жуық: қазақ, қырғыз, өзбек, түрік, әзербайжан, түркімен, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар, құмық, шор, саха (якут), чуваш, тува, хакас, қырым-татар, қарайым, гагауз, алтай, қашқай, уйғыр. Көрдіңіз бе, түрік тілін үйренсеңіз, бүкіл түркі ағайынның тілін түсінетін боласыз.
Егер сіз түрікше білсеңіз, Лалелі базарында саудагер сізге бірден жеңілдік жасайды. “О, сен қазақсың ба? Біз туыспыз ғой!” деп бағаны түсіріп береді. Ал егер әзербайжанға барсаңыз, “бауыр, сен менің сөзімді түсінесің бе?” деп таң қалады. Шындығында, бізді бөліп тұрған тек дыбыстар ғана.
Қазақша “қалайсың?” десек, түрікше “nasılsın?” дейді. Ал әзербайжан “necəsən?” дейді. Өзбек “qalaysan?” дейді.
Студенттерім кейде маған: “Апай, біз бәрін жаттап үлгермейміз ғой” дейді. Сонда мен оларға күліп айтамын: “Сендер жаттап жүрген жоқсыңдар, сендер тек еске түсіріп жатырсыңдар. Өйткені бұл сөздер біздің қаныңызда бар, тек бұлақты сәл тазартса, атқып шығатын су секілді»
Тіл үйрену – тек ереже мен жаттығу емес, ол – көңіл-күй, достық, мәдениет. Түрік сериалдарын көріңіздер, түрік әндерін тыңдаңыздар, түрікше сөйлейтін достар табыңыздар. WhatsApp-та күнде бір смайлик емес, бір сөйлем түрікше жазып көріңіздер. Мысалы: “Bugün hava güzelmiş, derse gidelim mi?” деп. Сонда тіліңіз өзінен-өзі жаттығады.
Қазақ пен түрік тілінің арасы – Есік пен Алматының арасы сияқты жақын. Тек автобусқа отырып, сапарға шығу керек. Ол автобус – сіздің ынта-жігеріңіз.
Ал енді, достар, қорытындылайық: түрік тілін үйрену – тек сабақ емес, ол – бүкіл түркі дүниесіне саяхат. Сіз тіл үйренген сайын, көкжиек кеңіп, туыстық артады, достық көбейеді. Менің ойымша, түрік тілін білмейтін қазақ – WhatsApp группаға кіре алмай қалған туыс сияқты, туыстар арасында не болып датқанын біле алмай қалады.
Сондықтан түрік тілін бірге үйренейік, бірге күлейік, бірге сөйлейік! Түрік тілін үйрену – қиын емес, қызық жол. Ал осы жолға шыққан адамға түркі дүниесінің есігі ашық!